TEENS бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдан бастап жұмыс істейді және жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау және девиантты, қауіпті мінез-құлқының алдын алуға бағытталған. Жобаның мақсаты — отбасыларда өзара түсіністіктің орнығуы, әрбір отбасы өз баласы оқитын мектептен қолжетімді, сапалы көмек ала алуы.

Балалар жасөспірімдік кезеңге аяқ басқан кезде, мінез-құлқының өзгеретіні соншалық, оларды тіпті өз ата-аналары да танымай қалады. Дәл осы сәтте оларға ата-аналары ғана көрсете алатын қолдау қажет. «Не істесем болады?» деген сұрақ әрбір ата-ананың ойна келері анық, бірақ ата-ана болуды үйрететін жер жоқ. Бақытымызға орай, «Teens» жобасы отбасында үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін «ата-аналар топтары» әдістемесі бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл жасөспірімдердің суицид проблемасындағы алғашқы көмек ұяшығы болып табылады. Жоба туралы толығырақ білу үшін осы жобаның жетекшісі Светлана Богатыреваға жүгіндік.

— Светлана, осы жобаның идеясы қашан және қалай пайда болды?

— Жоба идеясы 2015 жылы пайда болды. Сол кезде баспасөзде жастардың суицид жағдайларын жариялайтын жазбалар жаппай пайда бола бастады. Мен ана ретінде, психолог ретінде және әйелдермен, олардың ішінде көптеген аналармен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымның қызметкері ретінде бұл жағдайға бей-жай қарай алмадым. Бұл тақырыптағы отандық және халықаралық зерттеулерді, материалдарды талдай бастадым. Сарапшылармен кездесіп, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен сөйлестім. Содан кейін Internews хакатон туралы хабарлады, оның аясында қандай да бір проблеманың технологиялық шешімін ойлап табуға болады. Мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тақырыбын ұсындым және қатысуды жеңіп алдым.

Нәтижесінде біздің онлайн-ресурсымыз http://www.teenslive.kz пайда болды, мұнда өзін-өзі тану туралы қарапайым және қолжетімді тілде жазылған ақпарат бар, сондай-ақ жасөспіріммен бірге экспресс-диагностикадан өту мүмкіндігі бар. Сол уақыттан бері бұл сервисті 15 мыңнан астам қазақстандық отбасы пайдаланды. Ал одан әрі мен проблеманы талдауды жалғастырдым, себебі ол көп факторлы, тренингтер мен мектептер арқылы отбасылармен жұмыс жасау векторы пайда болды.

— Жобаның атауы бастапқыдан осындай болды ма, әлде басында өзге нұсқалар болды ма?

— Басында «жақын адамдар» деген атау пайда болды, содан кейін одан кеңірек TEENS атауы пайда болды. Бір қызығы, бұл идея әлі де тірі, біз қазір жасөспірімдердің ата-аналары үшін «жақын адамдар» деп аталатын онлайн-ойын жасаудамыз.

— Қаржыландыруды іздеу барысы қалай өтті? Мен сіздің сұхбатыңыздан бұл іске жарты жыл кеткені туралы оқып едім. Ал бұған дейін, қаржыландырудан бас тартқан адамдар да болған шығар, сіз мұны қалай қабылдадыңыз?

— Әрине, бас тартқан кезде бойыңды реніш сезімі билейді. Себебі, өтінішті өте жақсы пысықтап шықтым, мәселені талдадым, тақырып та өте маңызды деген ойлар келеді… Бірақ содан кейін өзіңді қолға алып, қайтадан әрекет ете бастайсың, басқа есіктерді қағасың, басқа сөздерді іздейсің. Өйткені сені өте ынталандыратын мақсат бар және сенің жұмысыңның нәтижесінде пайда болатын өзгерістердің қаншалықты маңызды екенін түсінесің.

— Бұл жобаны алға жылжыту үшін сізге не күш береді?

— Идея өте дұрыс және оның әлеуеті көп, сондықтан күшім мен ынтам жеткілікті болғанша, оның алға басуына себепкер боламын. Әсіресе, көптеп жиналып қалған жоба қатысушыларының оң пікірлері мені сондай ынталандырады. Пікірлерді оқыған сайын жұмысқа деген ынтам арта түседі.

— Иә, мен сіздің жұмысыңызға риза әрі қуанышты ата-аналардың пікірлерін оқыдым., Бұл семинарлар тегін және оларға психологиялық қолдауды қажет ететін барлық ата-аналар қатыса алатынын оқырмандар үшін атап өткім келеді. Бұл жоба жасөспірімдерге суицидтен бас тартуға қалай көмектесетіні туралы толығырақ айтып берсеңіз.

— Біріншіден, өзінің психологиялық жай-күйінің мәселелерін шешуден қорықпау керек. Бұл ұят емес, қауіпті емес. Бұл, сіздің шаштаразға немесе стоматологқа баруыңыз сияқты табиғи әрекет. Менің мақсаттарымның бірі -адамдардың мұны түсінуі, көз жеткізуі. «Мен күштімін және барлығын өзім жеңе аламын», «психологтардың барлығы жынды, айтатындар бос сөз және олардың барлығы өтірікшілер» және басқа да осыған ұқсас пікірлер арқылы өз құнын түсірмеу.

Бұдан әрі — отбасы стресстің факторы емес, жасөспірімдерге қолдау көрсетуші болуы керек. Жасөспірімдер кезеңі барлығы үшін қиын – бала үшін де, ата-ана үшін де. Бұл адам дамуындағы жаңа кезең, оның бұл өмірде өз рөлі бар. Адам өзгерген соң, қарым-қатынас, тәрбиеге деген көзқарас та өзгеруі керек. Біз ата-аналар тобында осы бағыт бойынша жұмыс істейміз.

Менің ойымша, мектепте психологтар бар, олар шексіз қағаз жазу жұмыстарымен емес, балаларға көмектесумен айналысуы керек. Мұны білу үшін жеткілікті түрде құзыретті, және үлгеру үшін жеткілікті түрде еркін болуы керек.

Егер осы үш бағыттың барлығы өз шешімін тапса, суицид айтарлықтай аз болады деп ойлаймын.

— Иә, бұл қуанатын жағдай болар еді. «Teens» өз жұмысын 2015 жылы бастады, содан бері бес жыл өтті, сандар не дейді? Жасөспірімдер арасында суицид қаншалықты азайды?

— Жоба жұмысының алғашқы екі жылында мен статистикамен белсенді жұмыс істедім. Содан кейін тоқтаттым, себебі сандардың объективті емес екенін түсіндім. Мемлекеттік органдардың бұл ақпаратты жинау тетігінде көптеген мәселелер бар. Қазір мен әрбір құтқарылған өмір, әрбір шешілген қиын жағдай біздің жеңісіміз екенін түсіндім. Сол үшін барлығы жасалып жатқан жоқ па?!

— Өз командаңыз туралы айтып өтсеңіз, сіз үшін командалық жұмыс нені білдіреді?

— Біздің команда — бұл жұмысқа жан-тәнімен кірген тамаша мамандар, ең алдымен ниеттес жандар. Бұл мәселе бойынша жалғыз әрекет ету өте қиын болар еді және тек қызметкерлер ғана емес, проблеманың маңыздылығы мен оны шешу жолдарын бөлісетін адамдар табылғаны шынымен де қуантады. Әрине, біреу кетеді, біреу қосылады және бұл табиғи процесс.

— Сіз жасөспірімдердің ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

— Күнделікті қарым-қатынаста, кез келген өмірлік жағдайда өз балаңызға қарсы емес, оның жанында тұруға тырысыңыз және мүмкіндігінше бір жаққа қарауға тырысыңыз.

— Отбасылардың бақытты болуына себепкер болғаныңыз үшін сізге көп рахмет!