OYLA— оқушыларға арналған алғашқы қазақстандық ғылыми-көпшілік журнал. OYLA жобасының мақсаты — мектеп жасындағы балалардың, сондай-ақ жаңа білімге қызығушылықтары мен құштарлықтарын жоғалтпаған ересектердің ғылымға, өнертапқыштық пен техникалық шығармашылыққа қызығушылығын қалыптастыру. Бұл жобаның қызметімен толығырақ танысу мақсатында, OYLA-ның ғылыми редакторы Алмас Ордабаевпен сұхбаттасқан едік.

— Оқырманды сізбен таныстыру үшін ең алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз, қайда оқыдыңыз, қандай қызмет атқардыңыз?

— Есімім Алмас Ордабаев. Өскемен қаласының тумасымын. 2006 жылы қазақ- түрік лицейін тәмәмдап, Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті болдым. Жоғары курстардан бастап 2,5 жыл өндіріс саласында жұмыс істеп, 2012 жылы ұстазымның ұсынысымен мектепке жұмысқа орналастым. Ал 2015 жылы достарым OYLA журналы жобасын бастағаннан бері редактор ретінде жұмыс істеп келемін. Кәсіп бойынша кімсің десеңіз, өзімді мұғаліммін дер едім. Ең болмағанда, тырысудамын.

Алмас Ордабаев OYLA

— Алмас, журналдарыңыз Қазақстанда алғашқы рет ағылшын тілінде жарық көріп жатыр екен, құттықтаймын! Осы мүмкіндікке жету үшін қанша уақыт кетті?

— Жоғарыда айтқанымдай, достарым (компания директоры және бас редактор) 2015 жылдың сәуірінде команданы құра бастады, ал маусым айында біз алғашқы нөмірді дайындай бастадық. Алғашқы нөмір 2015-тің қыркүйегінде жарық көрді. Одан бері 42 нөмір басып шығардық. Қазіргі таңда журнал 5 тілде 13 елде басылады. Ең алғаш ағылшын тілінде Жаңа Зеландияда 2 жыл бұрын басылды. Қазақстанда да ағылшын тіліне сұраныс болғандықтан, қаражат тауып, жобаны бастауға бел будық. Жалпы цифрлік ақпарат заманында қағазға басып шығару бір түрлі көрінуі мүмкін, бірақ сапалы білім алудың әсерлі құралы — қағаз журналдар мен кітаптар екенін кез келген педагог маман растайды. Және қағаз бетіне шығармас бұрын, біз бүге-шүгесіне дейін тексеріп, жеңілдетіп қана жібереміз. Былай айтқанда ай сайын 30-40 маман бір мини-кітап шығарып отырамыз. Әрине, ғылымдағы өзгерістерді ескере отырып. Қысқасы, ұйықтасақ та, тұрсақ та, ойлайтынымыз оқырманға сапалы оқу құралын жеткізу.

— Ал сіз балалар шығармашылығына қашан және қалай келдіңіз?

— 7-сыныптан бастап ғылыми олимпиадаларға қызыға бастадым, жоғары сыныптарда xалықаралық деңгейде өнер көрсете бастадық. Біз оқыған мектептің бір ерекшелігі үлкендер кішілермен білімін бөлісіп, ұстаздың ассистенті рөлін атқарып жатады. Бәлкім сол кезде түсінген шығармын басқаларға ұстаздық етудің дәмін. Сондықтан болар, 2 жыл өндірістік жұмыстан кейін мұғалім болуға қуана келістім. Жалпы білім саласында жолым болды: Павлодар қаласында өте дарынды мамандармен жұмыс істеп, басшылық тарапынан толық қолдау болды. Нәтижесінде көптеген бала ғылымға қызығып, сапалы оқу орындарына түсті. Ең бастысы, жас балалар арасында адал достар таптым, әлі күнге дейін xабар үзбейміз.

— OYLA-ның тарихына тоқталып өтсеңіз, бірінші Ғылым мектебі пайда болды ма, әлде журнал ма?

— OYLA ғылым мектебі 1,5 жыл бұрын пайда болды. Бұл журнал қызметінің логикалық жалғасы десе де болады. Міндеттері өте ұқсас. Мектепте 12-15 жасар балалар ғылым негіздерін талқылап, үлкен аудиториялар алдында күрделі концепцияларды қарапайым тілмен жеткізеді. Қазіргі заманда, ақпарат жауыны астында өз бетімен білім алу қабілетін, сыни ойлау қабілетін дамыту аса маңызды.

— Ал сіздің ойыңызша, OYLA-ның басқа журналдардан артықшылығынеде?

— OYLA классикалық ғылыми-көпшілік журнал емес. Оның басты міндеті — қосалқы білім беру. Ересектерге де, жастарға да. Біз арамызда журналды bookazine деп атаймыз (ағылш. book — кітап, magazine — журнал). Ай сайын өңделген оқулыққа тең материал шығып отырады. Контент дүние жүзінің кез келген жерінде өзекті болғандықтан, шет елдерде де шығару мүмкіндігіміз бар. Және де, басты ерекшелігі — тілінің қарапайымдылығы. Біз бұған көп көңіл бөлеміз. Ғылым қолжетімді болу керек. Ғалымдар мен жалпы xалықтың арасындағы көпірге теңеуге болады.

— Жалпы журнал неше тілде жарық көреді?

— Журнал екі тілде шығады. Алғашқы күннен бастап қазақ және орыс тілінде басып келеміз.

— Ғылым мектебі туралы толығырақ айтып берсеңіз. Қанша жастағы балалар қабылданады, жалпы шарттары қандай? Өз балаңызды осы мектепке берер ме едіңіз?

— Ғылым мектебі — бұл қосымша білім беру мектебі. 12-15 жасар жасөспірімдерді қабылдаймыз. Оқу ақылы, алайда біз жиі грант сайыстарын жариялап тұрамыз. Кез келген оқушы бағын сынап, 1 айлық, 2 айлық грант ұтып алуы мүмкін. Жалпы жаратылыстану бағытында оқытамыз. Бағдарлама 1 айлық курстарға (модуль) бөлінген. Мысалы, «айналамыздағы ғылым» модулінде ғылыми құбылыстардың күнделікті өмірге қандай қатысы болатынын, ғылыми заңдарды практика жүзінде қалай жүзеге асыруға болатынын үйретеміз. Сонымен қатар, біз ғылыми мәтіндерді талдауға аса көп көңіл бөлеміз. Мұндай курстан кейін оқушы ешқандай ғылымнан қорықпайтын болады: өзінің жобасын жасап, аудитория алдында жеңіл сөйлей алатын болады. Алайда, әр баладан ғалым шығарайын деген ниетіміз жоқ. Ең бастысы, баланың сыни ойлау қабілетін дамытып, ғылыми ойлау негіздерін жетілдіру.

«Менің балаларым туғанынан осындай парадигмада тәрбиеленуде. Бірақ қызым әртіс боламын дейді — тамаша, бұл оның
толыққанды дербеc шешімі болса, маған жеткілікті»

— Сіз informburo.kz сайтына берген сұхбатыңызда балалардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру тәсілдерімен бөліскен едіңіз. Қазіргі уақытта балалардың көбі смартфонға әуес, тіпті ата-аналар да бос уақыттарын Инстаграмда және басқа әлеуметтік желілерде өткізгенді ұнатады. Бұл жағдайда не істеуге болады?

— Смартфондар және тағы басқа гаджеттерде ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Оны тек сауатты қолданған дұрыс. Егер баланың ата-анасы смартфонды тек инстаграм мен ойындар үшін қолданса, бала қалай ойласын. Ол көргенін істейді. Смартфоннан кітап оқуға болады, пайдалы қосымшалар қолдануға болады. Тіпті, инстаграмның өзін сауатты қолдануға болады ғой. Мысалы, пайдалы контент тұтыну үшін, пайдалы блогтар оқу үшін. Кім біледі, бәлкім бала өзінің шығармашылығын осы бетке бұрар.  Мүлдем тыйып тастауды құп көрмеймін.

— Ғылыми редактор ретінде, журналға жарияланатын мақалаларды қалай таңдайтыныңыз жайлы айтып берсеңіз.

— Мақаланың журналға шығуының жалғыз критерийі — сапасы редакцияның көңілінен шығуы керек, мейілі оны студент немесе атақты ғалым жазсын. Ғылыми концепттің мазмұнын қайталап беру жеткіліксіз. Біріншіден, толықтай ресми ғылымға сәйкес болу керек. Псевдоғылыми немесе ғылымға жанасымды мақалалармен айналыспаймыз. Екіншіден, орталық идеясы болу керек. Мысалы, мақала радиотолқындар туралы болса, теxнологияның тариxы болу керек, жанама теxнологиялар қамтылу керек, ал мақала негізінде, мысалы толқындар табиғаты жатуы мүмкін. Үшіншіден, мақала тілі жеңіл болуы қажет. Әрине, тек ғалым болу жеткіліксіз, бұл тұста жазушы қабілеттері де өте маңызды. Әрине, біз — редакторлар мен дизайнерлер мақаланы өңдеуге атсалысамыз.

— «Егер ғалым бес жасар балаға немен айналысатынын түсіндіре алмаса, онда ол жаман ғалым» деген афоризм туралы не ойлайсыз?

— Келісе алмаймын. Ғалым — ең бастысы, ол ғалым. Мықты педагог болмауы мүмкін, оның жұмысы ғылыммен айналысу. Жалпы көптеген ғалымдарды, қарапайым әңгіме кезінде түсіну қиын, бұл оны жаман ғалым қылмайды ғой. Мәселен: ғалымдар әлемі бар (терминдері, жұмысы, мақалалары) және қарапайым бұқара xалық әлемі бар. Осы екі әлемдерді тіл табыстыратын көпір — ғылыми көпшілік ресурстар бар. Журналдар, кинолар, лекторийлер. Әркім өз жұмысымен айналысқаны жеткілікті.

— Болашақ ғылыми мамандарға және олардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

— Ізденуден жалықпаңыз. Ғалым болсаңыз да, биші болсаңыз да, қолөнерші болсаңыз да, оқуды тоқтатпаған дұрыс. Ғалам кереметтерге толы. Осы кереметтерді түсіну — адамды адам қылатын принцип.

— Сұхбатыңызға рахмет! Сізге және әріптестеріңізге шығармашылық табыс тілейміз.

— Сізге де раxмет. Ісіңізге сәттілік!