ЭМИН АСКЕРОВ — Шығыс гуманитарлық институтының «әлеуметтік жұмыс» факультетінің түлегі. 2015 жылы «Green TAL» әлеуметтік шеберханасын құрды. Шеберхана алты бағытта жұмыс істейді: ұсталық, дәнекерлеу және тігін цехтары, IT бағыты, қабырға декоры және полиграфия. Әлеуметтік шеберхана халықтың әлеуметтік осал топтарын (бұрынғы сотталғандар, балалар үйінің түлектері, аз қамтылғандар, барлық санаттағы мүгедектер) оқыту және жұмысқа орналастыру мәселесін шешеді. Қазіргі уақытта «GreenTAL» шеберханасында 34 қызметкер жұмысқа орналастырылды, олардың 28-і әлеуметтік санатқа жатады. Әлеуметтік осал санаттағы 500-ден астам адам оқудан өтіп, шеберханада практикалық жұмыс дағдыларын алды. «GreenTAL» әлеуметтік жобасы Астана қаласының психикалық денсаулық медициналық орталығымен бірлесіп іске асырылуда және денсаулықтың менталдық бұзылулары бар (ақыл-ой кемістігі, аутизм, шизофрения) мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін шешеді.

2018 жылдың 2 ақпанында Эмин Аскеров Астана қаласындағы әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін құрды. Білім беру жобасының негізгі мақсаты -әлеуметтік бизнес жолына тұруға тілек білдірушілерді оқыту. Осы жазда Эмин Қазақстанның 12 қаласына барып, әлеуметтік кәсіпкерлікке тегін оқыту жүргізді. Келесі жылы әлеуметтік шеберхана еліміздің басқа өңірлерінде филиалдарды құруды жоспарлап отыр. Жинақталған тәжірибе «GreenTAL» моделін тираждауға мүмкіндік береді.

— Эмин, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға осы өмірде өз орнын табуға мүмкіндік сыйлағаныңыз үшін сізге алғыс айтқымыз келеді. Адамдарға көмектесуге деген ниет пен ақша табуды біріктіруге болады ма, бұл қаншалықты қиын?

— Шын мәнінде, қиын емес. Бірақ қайырымдылық пен бизнес арасындағы шекараны сақтау қиындық тудырады. Яғни, бизнеспен айналыса отырып, белгілі бір заңдарды ұстану, кейде қандай да бір ізгі іс-әрекетпен ұштаспайтын құралдарды пайдалану қажеттілігі туындайды. Дәл осы шекарадан аспау, мен үшін өте қиын. Түсініктірек болу үшін бір мысал келтіріп өтейін, мен өзім өте мейірімді адаммын және көбінесе, біздің кәсіпорынға зиян болса да, бағаны төмендетіп беремін. Бұл тұрғыда менің түсінгенім, егер сен бизнестің барлық заңдары бойынша ойнай алмасаң және бағаны сақтауға мүмкіндігің болмаса, онда сен екінші жартыңды, сенің әлсіз жақтарыңды күшті жаққа айналдыра алатын серіктестерді тарту керек. Сондықтан қазір клиенттермен толық жұмыс істейтін және оның бүкіл ішкі жұмыстарымен айналысатын Әсет есімді әріптесім бар.

— Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолында қандай негізгі мәселелерді атап өтер едіңіз?

— Қазіргі уақытта бұл саланы алға жылжыту бойынша ешқандай қиындық жоқ деп айтуға болады. Себебі, мен өз каналдарым арқылы Фейсбукта және Инстаграмда жарнама жасаймын және бізді оқитын адамдар оң көзқарастарын танытып жатады. Олардың бізге ризашылығы әрі қуанышты пікірлері де жоқ емес. Оған қоса, біздің кәсіпорынның жұмысы көптеген адамдардың қызығушылығына ие болды, олар да осындай іспен айналысқысы келеді. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, мемлекет тарапынан осы тақырыпты республикалық деңгейде алға жылжытуда ешқандай көмектің жоқтығы.

— Бізге «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің» құрылу тарихын айтып беріңізші және бұл жерден білім алу шарттары қандай?

— 2018 жылы 2 ақпанда мен «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін» құрдым, себебі бізге 3 жыл толды. Ал бизнестің заңы бойынша сен нарықта үш жыл тұрсаң ғана өзіңді бизнесмен деп атай аласың. Біздің шеберханаға 3 жыл толған соң, мен бірінші кезекте әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін ашу қажет екенін түсіндім. Себебі, белгілі бір қорытынды жасайтын болсақ, мен әлеуметтік осал топтағы адамдарды жұмысқа орналастырамын, ал мен ең көп дегенде 50 адамды жұмысқа орналастыра аламын, егер мен 50 адамды әлеуметтік кәсіпкерлікке оқытсам, олар өз кезегінде 50 адамды жұмысқа алса, нағыз нәтиже сонда болар еді. Міне сондықтан да мен әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін ашуды шештім, таң қаларлығы, алғашқы үш күнде біз өтінім бойынша 18 адам жинадық және олар өздерін жақсы көрсете бастады.

Қазіргі уақытта біздің мектептен шыққан 12 әлеуметтік кәсіпкер бар. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік мектебіне қалай кіруге болады деген сұраққа жауап беретін болсам, жас шектеуіне тәуелсіз 18-ден 60 жасқа дейінгі кез-келген адам оқи алады. Ал мен үшін ең бастысы бұл адамның жеке уәжі. Мен ол адамның әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде не үшін оқығысы келетінін түсінуім керек. Егер оның әлеуметтік кәсіпкер болатын себебі болса, ол осы курсқа автоматты түрде енгізіледі. Және әлеуметтік кәсіпкер атанған адамдарға мен толықтай ақысыз тәлімгерлік етуге кепілдік беремін.

— Сұхбаттарыңыздың бірінде сіз өз саясатыңыз туралы айтып өткен едіңіз: «Мен жұмысшыларды бір кездері өз ісіне кететініне бағыттаймын. Бұл ойды мен оларға әуел бастан айтамын». Бірақ, дегенмен де, уақыты келгенде олармен қоштасу қиынға соғатын шығар?

— Шын мәнінде, бұл психологиялық қадам. Мен олардың өмір бойы менің жанымда болмайтынын түсінуі үшін мұны арнайы жасаймын. Осы ойды қазір айту арқылы, олардың кететін уақыты келетіні туралы ой қалыптастырамын. Әрине, олардың қашан кететіні белгісіз. Мүмкін бір жылдан кейін, мүмкін он жылдан кейін… Бірақ олар қазірден бастап әйтеуір бір күндері кететіні туралы ойласа, ары қарай қандай іспен айналысатыны туралы да ойлана бастайды. Және басқа кәсіпорындардағы жұмысқа қабілетті болу үшін барлығын неғұрлым тезірек үйренуге тырысады.

— Сіздің ойыңызша, бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлікті тағы қандай бағыттарда дамытуға болады?

— Кез-келген бағытта, көптеген адамдар біздің шеберханаға қарап, әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз тек қана әлеуметтік осал адамдарды жұмысқа орналастыру деп ойлайды. Әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз, бұл кез-келген әлеуметтік маңызы бар мәселені шешу. Бұл экология, қылмыс, білім, мәдениет болуы мүмкін. Бұл салалардың да өз мәселелері бар. Егер сіз оларды байып кету үшін емес, бірақ коммерциялық жолмен шеше бастасаңыз, онда сіз өзіңізді әлеуметтік кәсіпкер деп есептей аласыз.

— Сіздің кітабыңыз туралы әңгімелессек, кітап қанша пайызға дайын, ол не туралы болмақ, қашан және қайдан сатып алуға болады?

— Мен оны жазып жатырмын, бірақ, шынымды айтсам, бұл бағыттағы жұмыс өте баяу жылжып келеді, өйткені менің көп уақытым күнделікті тіршілікпен кетуде. Шамамен мамыр немесе маусым айында өзімді толығымен осы кітапты аяқтауға арнап, осы жұмысқа кірісу үшін екі аптаға шет елге кетуді жоспарлап жүрмін. Осы екі аптаның ішінде өзімнің практикалық тәжірибемді негізге ала отырып, ойымда бар нәрселерді толықтай жазу мақсатын алға қойдым. Мен биылғы  жыл соңына дейін кітапты шығаруды жоспарлап отырмын, оны «Меломан» сияқты кітап дүкендерінен сатып алуға болады.

— Қазақстандағы әлеуметтік бизнестің болашағы қандай болмақ, бізде қандай да бір ерекше модель немесе даму векторы бар ма?

— Менің ойымша, әлеуметтік кәсіпкерліктің даму қарқыны бойынша біз тіпті батыстан да асып түсе аламыз. Әрине, олар 40 жыл бойы бұл іспен айналысады, ал Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқанына бес жыл ғана болды. Дегенмен де, қазір ол барлық аймақтарды қамтиды және азаматтық қоғам тарапынан қалаушылар көп. Яғни, адамдар өзі туралы ғана емес, сондай-ақ қоғам үшін не істей алатыны туралы да ойлана бастады. Сондықтан жақын арада әлеуметтік кәсіпкерлік шын мәнінде үлкен жаңа тренд болады және көптеген адамдарды тартады деп есептеймін.

Қазірдің өзінде біз жүргізіп отырған қызметтің нәтижесін көріп жүрмін. Мысалы, қазір біздің әлеуметтік кәсіпкерліктің моделіне біздің биліктің жоғары эшелоны, «Нұр Отан» партиясы қатты қызығушылық танытуда және олар біздің тәжірибемізді барлық өңірлерге көшіргісі келеді. Психиатриялық ауруханалар біздің модельді қолданғанын және бізге қалалар мен психиатриялық ауруханаларда филиалдар ашуды ұсынды. Сондықтан, Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағы зор деп есептеймін.

— Сіздің ойыңызша, «мемлекеттік» деп саналатын экономика салаларында әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағы бар ма (Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет)?

— Егер мемлекеттік ұйымдар туралы айтатын болсақ, онда мен бұл жерде әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбын дамыту қаншалықты мүмкін білмеймін. Әлеуметтік кәсіпкерліктің өзі — кәсіпкерлік болғандықтан, менің ойымша, ол мемлекеттік құрылымдар ішінде дами алмайды. Сондықтан, бұл мемлекеттен бөлек нәрсе, бірақ ол мемлекеттен бөлек өмір сүре алмайды.

— Сіз өз әлеуметтік бизнесін ашу туралы ойлап жүрген адамға қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең алдымен бәрін өз-өзіңе деген сұрақтан бастау керек: «Маған бұл не үшін керек?» Яғни, бастапқыда өзінің жеке мотивін түсінуі керек. Неге мен әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуды шештім? Сіз ішкі мотивіңізді қаншалықты жақсы түсінесіз, оны жүзеге асыру барысында сізге соншалықты оңай болады. Ал менде қандай мотив бар? Мен мамандық бойынша әлеуметтік қызметкермін, оған қоса әлеуметтік кәсіптің екінші буынымын.

Менің анам әлеуметтік қызметкер болды, яғни іс жүзінде мен оның ізін жалғастырдым. Бірақ университетті бітіргеннен кейін 14 жылдан кейін ғана, мен қазір өзімнің миссиям деп санайтын қызметпен айналысып жүрмін. Мен осы іспен бірден айналыса бастамағанына қуаныштымын, өйткені 14 жыл бойы тәжірибе жинақтадым, әр түрлі құрылымдарда жұмыс істедім және осы тәжірибе маған өте пайдалы болды. Сондықтан бәрі өзіңнен басталады. Ал кейіннен сіз өзіңізді қай бағытта үстеммін деп санайсыз, сол бағытты негізге алу керек. Яғни, жаңа бағыттарды дамытпаңыз, өз құзыреттілігіңізді сезінетін нәрсемен айналысуға тырысыңыз.