НУ ЖБМ миссиясының бір бөлігі үздіксіз білім алу және кәсіби өсу құндылықтарын ілгерілетуден құралады. Мұнда біліктілікті арттыру бағдарламалары да ұсынылады. Германия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және АҚШ беделді институттарымен халықаралық ынтымақтастық жасасудың арқасында бұл ұсыныстар университеттердің ректорлары, жоғары білім беру жүйесіндегі орта буын басшылары, оқытушылар мен мектеп мұғалімдері үшін қолжетімді. НУ ЖБМ кәсіби бағдарламаларына қатысу қатысушыларға өздерінің кәсіби бейіндерін қалыптастыруға және жетілдіруге көмектеседі.

Ұстаздықтың да, мемлекеттік қызметтің де дәмін көрген адам оқушыны қалай тәрбиелеу керектігін, білім берудің қырсырын білетіні сөзсіз. Осындай асыл ұстаздардың бірі Жаңыл Алпамысқызы Жонтаевамен әңгімелесудің өзі бір тағылымды сабақ екенін айта кетпесе болмас. Зейнеткерлікке шықса да, Назарбаев университетінде қосымша білім беру департаментінің директоры қызметін атқарып, өзінің тәжірибесімен бөлісуде.

«Көптен бері жолды жастарға ұсынып, сұхбат бермей жүрген едім, бірақ сен болмаған соң…», — деп сұхбат басталар алдында Жаңыл Алпамысқызы бір жымиып қойды.

— Жаңыл Алпамысқызы, біздің бүгінгі сұхбатымыз ұстаздар, оқушылар және әрине, білім жайлы болмақ. Ең алдымен Назарбаев университетіндегі қосымша білім беру департаментінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып берсеңіз.

— Бүгінгі күні Назарбаев университетіндегі қосымша білім беру департаменті тек қана мұғалімдердің білімін көтерумен емес, жалпы білім саласының топ менеджерлерінің білімін көтеру жұмыстарымен айналысады. Бізде «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық» деген үлкен бағдарлама бар. Осы кезге дейін медициналық университеттің басшылығы, менеджерлері де өтті. Ректорлық қызмет атқарып жүрген білім саласының басшылары да Жоғары білім беру мектебінде курстардан өткен. Бүгінде біз Астана қаласының білім басқармасымен меморандумға қол қойдық және соның төңірегінде өткен жылы 75 мектептің директоры, оқу ісінің меңгерушілері, бала-бақшалардың меңгерушілері инклюзивті білім беру туралы, жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселелері туралы, көшбасшылық туралы курстардан өтті. Біздің атқарып жатқан қызметіміздің ең ауқымдысы халықаралық білім деңгейіндегі профессорлармен бірігіп жасалған білім жетілдіру бағдарламалары.

— Сіз біраз уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарған адам ретінде мектептегі ғылыми жобаларда қандай тақырыптар өзекті деп ойлайсыз?

— Ең алдымен зерттеуге қызығушылығы бар балаларды анкета жүргізу арқылы анықтап алу қажет. Одан соң ғылыми жобаны дайындайтын балаға дұрыс бағыт беру керек. Жалпы қазіргі тәжірибеде бастауыш сыныптың балаларынан бастап зерттеу жұмыстарын дайындауға мүмкіндік бар. Мысалы, атасы Ұлы Отан соғысына қатысқан болса, сол кездегі оқиғалар туралы немесе өз туған өлкесінің табиғаты туралы зерттеуге болады. Яғни, өзі білетін, өзіне жақын, нақты тақырыптарды ұсыну қажет. Кейінірек үлкен ғылыми жобаға айналатын тақырыптарды таңдау керек.

— Білім беру жүйесіндегі қосымша сабақтардың атқаратын рөлі туралы пікіріңіз қандай?

— Жалпы біздегі орта білім беру жүйесінде типтік оқу жоспары инвариантты, вариативті болып бөлінеді. Инвариантты дегеніміз оқушының сол көлемде, сол ауқымда игеруге міндетті, мемлекеттік стандартқа сәйкес пәндер. Ал вариативті бөлік, оқушының қызығушылығына байланысты. Сіз физика пәнінен немесе мәдениеттанудан тереңірек білім алғыңыз келсе сол бағыттағы қосымша сабақтарға қатыса аласыз. Жалпы қазіргі уақытта бұны қосымша білім беру бағдарламасы емес, мемлекеттік стандарттың ішіндегі кеңейтіліп оқытылатын пәндер деп атаймыз. Көптеген мемлекеттерде қосымша білім беру жүйесін жалпы стандарттардың ішіне кіргізген. Оның рөлі туралы айту үшін барлығын таразыдан өткізіп, зерттеу жасау қажет.

— Жастарды білім саласына тарту үшін қандай іс-әрекеттер жасалуы керек?

— Бүгінгі күні ешкім мұғалім болғысы келмейді деп айта алмаймын. 130 мын бала мектеп бітірсе, соның 15-20 мыңы мұғалімдік мамандыққа барып жатыр. Ұстаз болу – ішкі дүние, ішкі сезім, балаға, өз мамандығыңа деген бір ерекше сүйіспеншілік деп ойлаймын. Бүгінгі күні мұғалімнің бейнесі туралы көп айтылуда, жаңадан заң жасалып жатыр. Шынымды айтсам, мен сол заңнан көп нәрсе күтемін. Біздің елімізде ешқашан мұғалімнің статусына арналған заң болған жоқ. Әрине, сен он рет заң жазсаң да, кодекс жасасаң да мұғалімнің мәртебесі бірден көтеріліп кетпейді. Мұғалімнің беделін көтеретін мұғалімнің өзі, оның оқушысы, ата-анасы және айналасындағы қоғам. Барлығы бірігіп жұмыс жасаған жағдайда ғана, сондай жетістікке жетеді.

— Совет үкіметі кезінде мұғалімнің беделі әлдеқайда жоғары еді ғой.

— Ия, бұрынғы кездегі мұғалім мәртебесі мен қазіргі уақытты көп салыстырып жатады. Менің ойымша, бұрынғы кездегідей бәрібір болмайды. Бұл өмірдің заңдылығы, біз алға қарай жылжып келе жатырмыз. Қазіргі мұғалімнің портретін жасау өз қолымызда. Осы уақытта көптеген жұмыстар атқарылуда, сол себепті ерте ме, кеш пе, мүмкін бес жыл өтер, мүмкін үш жылдан соң мұғалімнің мәртебесі жайлы жақсы құжат шығатынына мен кәміл сенемін. Біз қазіргі уақытта мұғалімнің міндеттері туралы көп айтамыз, бірақ мұғалімге оның құқығы туралы айтпаймыз. Сол себепті, таразының екі жағы тең болған жағдайда ғана, біз армандаған ұстаздың бейнесін қалыптастыра аламыз.

— Сізбен толықтай келісемін, шынымен де барлығы өз қолымызда. Оған қоса, бізге кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісетін ұстаздарымыз көп.

— Біздің аға буын өзінен кейін келе жатқан ұрпақ аз жұмыс істейді деп ойлайды. Бірақ, салыстыратын болсақ, олай емес. Мысалы, менің бала кезім мен қазіргі ұрпақтың балалық шағын салыстыратын болсақ, істеген ісіміз, ой-қабілетіміз, барлығы бөлек. Біз онымен мақтануымыз керек. Жаһандану процесінде өзінің орнын табу, ашық мемлекетте өз мамандығын таңдау жастарға оңай емес. Оған қоса, ол мамандық бірнеше рет өзгеріп жатыр. Біздің ата-бабамыз бір мамандықты игеріп, өмір бойы сол салада қызмет жасаған. Ал қазіргі 30-40 жастағы жастар бірнеше рет мамандықтарын ауыстырған.

— Сіз де осы уақытқа дейін бірнеше мамандықтың иесі болдыңыз. Солардың ішінде жаныңызға жақыны қай мамандық?

— Мен бірнеше әлеуметтік салада жұмыс істедім. Оның ішінде 90 %-ы білім саласы. Дегенмен де, мен үшін ең қымбаты мұғалімдік қызметім. Бұл менің өмірімдегі ең керемет жастық кезең деп ойлаймын. Ең бірінші сабақ бергенім, ең алғашқы ашық сабағым, балалардың берген бағасы, олардың азамат болған соң саған айтқан сөздері, ұстазы ретінде құттықтағаны, көшеде келе жатқанда «Сіз менің мұғалімім едіңіз» деп амандасқаны, осының барлығы мен үшін қымбат. Басқа мамандықтарға қарағанда ұстаздық мамандықтың ерекшелігі де осы. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ қой. Ұстаз мамандығының ауқымы кеңдігі соншалық, оны төбеміздегі аспанмен теңестіруге болады.

— Жақсы ұстаздың үш критерийін атап беріңізші.

— Ең бірінші критерий, баланы жақсы көру. Екінші өз пәніңді сүю, сен өз пәніңді жақсы білмесең, бала оны сыйламайды. Сол себепті кәсіби ұстаз болуың қажет. Үшінші, жастармен, баламен жұмыс жасағаннан кейін, сен бала бола білуің қажет. Олармен бірге ойнай білу, бірге жаңа техниканы меңгеріп, тек «мынаны оқы, мынаны біл» демей, сол мәліметті өзі тауып оқуына көмектесуіміз қажет. Ұстаз үшін өз баласы да, алдында отырған бала да, бәрі бірдей болып кетеді. Адам үшін ең қымбатты өзінің баласы, ұрпағы. Сол себепті, ұрпақ жалғасып, мемлекет болу үшін біз жақсы ұрпақ тәрбиелесек, үлкейгенде бізді сыйлайтын да, қадірлейтін де, жағдайымызды жасайтын да сол ұрпақ болады.

— Сұхбатыңызға көп рахмет! Ұстаз ретінде де, ана ретінде де мәртебеңіз арта берсін!