Асылханова Амина, Т.Рысқұлов мектебінің 11-сынып оқушысы, Тұғыл ауылы, Тарбағатай ауданы

Маған IQanat бағдарламасы туралы мұғалімім айтты. Басында бұл жай ғана кезекті олимпиадалардың біреуі екен деп ойлап, әдеттегідей қатыса салдым. Бірақ 1 турына қатысқан соң, бұл жобаның басқаларынан ерекшеліктері көп екенін байқадым. Бұрын-соңды ауыл балаларының болашағына осыншама мән беретін жобаларға қатысып көрмеппін. Өткізу форматы да ерекше көрінді. Осылайша, бұл олимпиадаға қызығушылығым арта түсті. 2-турға қызу дайындала бастадым. Дайындалуға физика пәні мұғалімім көмектесті. Қосымша сабақтарға қатысып, үйде де өзім дайындалдым. Бірақ 2-турға қатысқанда, 1-тур бойынша 6 орында ғана тұрғанымды естігенде жеңуге деген сенімім жоғала бастады. 3-турға қатысқым келмеген кездер де болды. Бірақ үйдегі ата-анамның қолдауының арқасында, бұл олимпиадаға аяғына дейін қатысуды жөн көрдім. Осылайша, 3-турға қызу дайындыққа кірістім. Бізге физикадан тест тапсырмалары оқу бағдарламасынан берілетін болғандықтан, кітаптағы әрбір тақырыпты мұқият оқи бастадым. Сөйтіп, 3, 4 турлардан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атандым.

IQanat бағдарламасындағы әрбір сәт мен үшін қызыққа толы болды. Күн сайын жаңа достарыммен әртүрлі жаңа оқиғаларға тап болдық. Солардың ішінде, Астанада болған 3-ші күнімізде бізді Есіл өзеніне катермен серуендеуге апарды. Сол кезде өмірімдегі ең әдемі көріністердің бірін тамашаладым!

Есіл жағасындағы кешкі Астананың жап-жаңа көпірінде серуендеп, фотоға түсіп жақсы демалып қайттық. Сонымен қатар, осы слётта тек қана демалып қоймай, рухани білімімізді көркейтіп қайттық. Атап айтсам, алғашқы күні ҚР Ұлттық музейін көруге бардық. Музейдің іші қаншама көп көне тарихи жәдігерлерге толы болса да, маған «Алтын адамды» көргеніміз қатты ұнады. Кітаптан қанша көрсеңде өз көзіңмен көргенге жетпейтінін түсіндім. Сонымен, шешуші күн де туып, бәріміздің қолбалжуымыз арта түсті.

Жеңімпаздар ретінде сахнаға шығарғанда, көңілім сәл болса да орнына түсіп, грант иегері болғаныма қуандым. Кейін Итемиров Рүстем мырза абсолютті жеңімпаз ретінде менің есімімді айтқан кезде, өте қатты қуанғаннан жылағым келіп кеткені есімде. Аз ғана секундтарда осы жеңіс үшін жасаған еңбегім көз алдымнан өте шықты. Бұл сәт мен үшін ұмытылмас сәт болатыны анық. Бұл бағдарлама маған шетелдің ЖОО-нда тегін оқуға мүмкіндік сыйлады. Бұдан бөлек, білім көкжиегін кеңейтіп, мотивациялық тренингтерге қатыстық. Өзіме жаңа достар тауып, көптеген қызықты сәттерге куә болдым.