Мен қытай әнұранының алғашқы жолын ғана жатқа білетіндіктен ең нашар пионерлердің бірі атандым»

«Қытайдан келдім, арғы беттен келдім деп, қайта-қайта неге айта бересің»,- деп өкпелеген сыңай танытты ол. Қазақстанда бастауыш мектеп оқып жүргенде әнұран қайырмасының соңына жақын тосылып қала беретінмін. Әлі де солай…

Мен Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты ( 新疆维吾尔自治区) Мұңғұлкүре ауданы, Түргенбұлақ аулында дүниеге келдім. Ауылда қазақ мектебінде оқығандықтан қытайларды көру мен үшін айтарлықтай экзотика болатын. Бастауыш сыныпта бізбен бірге ханзу* баласы бір сыныпта оқыды. Бір қызығы қалтасына үнемі тышқан салып келетін. Оны біз анық көз жеткізбейінше торай екен деп ойлап келдік. Әке-шешесі қазақ арасына бейімделе алмайтынына көзі жеткен болса керек, ол жағын анық білмедім, бірақ көп өтпей басқа мектепке алмасып кетті. Ал мен сол сәттен бастап, сабақтан қашуды әдетке айналдыра бастадым. Дәл солай мен ХХІ ғасырға аяқ бастым. Есесіне Чили мен Өзбекстанда жаңа президент тағайындалды. Билікке Путин келді. Бұл оқиғалардан еш хабарсыз болғаным қандай жақсы болған, есімде тек тышқақ қызыл сиырым ғана қалыпты. Кейін ол сиырым абайсызда у ішіп өлді…

Мен қытай әнұранының алғашқы жолын ғана жатқа білетіндіктен ең нашар пионерлердің бірі атанып, математика мен қазақ тілі сабағынан емтиханда жүзден, нөл деген баға алып шешемнен оңбай таяқ жегенмін. Мүмкін бұл менің өмірімдегі ең бақытсыз сәттердің бірі болған шығар. Қытайларда өкінді білем, Гао Синцзянь әдебиет саласы бойынша нобель сыйлығына ие болды. Ал мен қозы кезінен өзім асырған тоқтыны сойып тастаған үйдегілерге қатты ашуланып, қайта тірілтіп беруін талап етіп ұзақ жыладым.

Қазақстан туралы тек Шишкиннің аюларының суреті салынған шокалад кәмпиттерін көргенде, тезірек көшсек қой деп армандайтынмын. Маған Қазақстан құдды Америка секілді жағымды жағынан ғана көңіліме көрікті ойлардың дәнін екті. Бәлкім «Батысқа сапар*» немесе Сұлукуңның* әсері ықпал еткен шығар. Бірақ бізді шақыртқан туыстардың көкейінде әуелден бізді малшы етіп алу мақсаты басты орында болғанын кейін білдім. Араға бес жыл салып тарихи отанымызға қайтып оралдық.

Қазақстан. Қытайдан келген адам үшін мүлдем басқа әлем. Хрущевкалар. Өмірімде көрмеген үшбұрыш шатырлы үйлер. Елдің дәстүрді тағамдарына айналып үлгерген түрлі салаттар мен борщтар, пирожкилер мен самсалар. Әрине, «Ну погоди!», құлағы қалқиған Чебурашка және оның Генасы. Мен алғашқы әсерімді өкінішке орай дәл осылай елестетемін. Қазақстан бізге мәртебесіз «оралман» мәртебесін берді. Бірде, қолыма кездейсоқ «Абай жолы» романы түсті. Қытайда сатып алған кітабымды жыртып бақа немесе қайық жасап ойнайтынмын. Ал бұл жолы оқу мақсатында алғаным есімде. Бірақ, ешқашан оқып бітірген емеспін. Солай! Қазақстан абайсыз, Абай жолымен басталды. Көп ұзамай мектеп табалдырығын аттадым. Маңдайшада «кел балалар оқылық!». Ондағы Астана туралы ашық сабақтан соң, тұңғыш рет қазақ болу мақтанышы шамадан тыс әсер етіп «Біз қазақпыз» деген шумақтар жүректен өлең болып төгілді. Бұл Қазақстан үшін «шаңырақ» оқиғасымен әйгілі 2006 жылмен тұспа-тұс келді. Мен осылай ақын бола бастадым. Қазақстанда төрт мәрте мектеп алмастырдым. Мағынасыз өткен төрт жылдан соң, қолыма алғаш рет Дэниел Дефоның Робинзон Крузосы келіп түсті. Сосын, Марк Твеннің “Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары”, Бальзак, Чехов, Толстой, Маркес, Лу Шүн, Акутагава және басқалары. Кейін ақын немесе жазушы боламын деген оймен тосыннан дизайн мамандығына оқуға түстім.

Менің қытайда дүниеге келуім, Қазақстанға толық бауыр баса алмауымның нәтижесін көрсетті. Кейіндеп өмірімдегі ең қызықсыз сәттердің куәсіне айналған мектеп бағдарламасын бітіргеннен кейін, бәсекеде одан бір мысқал кем түспейтін университетке оқуға тапсырдым. Университетте оқып жүріп, оқу жоспарынан тыс Достаевский, Стендаль, Ромен Роллан, Кафка, Джойс шығармашылығына деген қызығушылығым артып, көп ұзамай Ардақ Нұрғазыұлының әдеби еңбектері арқасында мен үшін мүлдем таңсық Томас Элиот, Сильвия Плат, Уильям Батлер Йейтс, Аллен Гинзберг және бұдан басқа да көптеген авторлармен таныс бола бастадым. Бұл мен үшін ізденіс жолындағы жаңа кеңістікке жол ашты.

Дизайн, мен секілді этникалық қазақ отбасында түрлі мәдени қақтығыстарды бастан кешіріп, әсіре ұлтшылдық пен әсіре діншілдіктің әсерінен енді айыққан жігітке, Энди Уорхол мен Жан Мишель Баскияның санама айтарлықтай төңкеріс әкелгенін есепке алар болсақ модернизм мен поп-өнерге деген ықыласымды оятып Баухаусқа дейінгі аралықта ерекше ықпал етті. Есесіне күн сайын көше маңынан қала келбетін шебер кескіндейтін хрущевкалар мен қоқыс жәшіктерінде бейнелеген оюларға көз тастап, ішінде не бар екен деген мағынасыз оймен ондағы бейнеленген қошқар мүйізді оюдың сұлулығына тамсанумен Бахтың Адажиосын шырқатып, әлсін ілбіп көше автобусының ең соңғы бос орнына барып жайғасамын. Өмір осылай күнделікті күйбеңмен менің бүгінім кешегі ойларыма айналады.

Қалада жаңа құрылған бизнес мектебінде дизайнер болып жұмыс істедім. Сол уақытта Ырысбек Дәбейдің таныстыруымен Дидар Амантаймен “Runa education” атты жаңа жобаны жүзеге асырдық. Мақсатымыз біреу. Әдебиет әлеміне аяқ басқан кез-келген қаламгерлерге әлем әдебиеті мен философиясының негізгі бағыттарын таныстырып, әлемдегі ең қарымды жазушылардың жазу мәнерін көрсетіп, стильдік ерекшелігіне талдау жасау болатын. Бірақ, бел шешіп белсенді кіріскенімізбен тұрақты орын табу басты мәселемізге айналды. Алғашқы лекциямыздың алғашқы айын осылай сәтсіз аяқтадық. Лекцияға тұрақты қатысқан бірнеше адам болғаны болмаса, айтарлықтай ықылас танытқан ешкім болмады.

Дидар ағамен лекцияда әдебиет туралы өте жақсы әңгіме өрбіді. Қытайдағы қазақ әдебиетінен бастап, Фолкнерден бірақ шықтық. Постмодернизм мен модернизм турасында тамаша пікірлер айтылды. Дидар ағаның жаңа романы туралы да күтпеген қызықты детальдарға тап болдық. Шыңғыс Айтматов туралы, Фицджеральд, Томас Вульф, Хемингуэй, Бродсикий, Набоков, Сартр, Камю, Спиноза тіптен Джойс туралы да айтуды ұмыт қалдырған жоқпыз. Жоспарымыз осылай аяқсыз қалды. Дегенмен қапияда қолдау тауып жатса жалғастыру ойымызда жоқ емес.

Жақында бір кітабымды жарыққа шығарсам деген ойым бар. Қосымша тіл үйреніп, ойдағы жоспарларды жүзеге асырсам деген оймен ешкімге қызықсыз өз өмірімді сүріп келемін. Ауа райы құдды Эмир Кустурицаның фильмдері секілді.