«IQanat» ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламасының мақсаты — ауылдық мектеп оқушыларына Қазақстанның және шетелдің ЖОО-на түсуге мүмкіндік алуға қолдау көрсету. Қолдау шеңберінде «IQanat» олимпиадасы, сонымен қатар, Қазақстандық және әлемдік үздік ЖОО-на грант және стипендияларын алуға дайындық жүргізіледі.

«IQanat» олимпиадасы математика, физика, ағылшын тілі пәндері және «Эрудит» эссе сайысынан тұрады. Олимпиада қатысуға тек 9-сынып оқушылары шақырылады. Кейінгі екі оқу жылда олимпиада финалистері Бағдарламаның қамқорлығында болып, жан-жақты дайындықтан өтеді (соның ішінде: бейімделген пәндерді таңдау, шет тілдерін тереңдетіп оқыту, қабылдау емтихандарына дайындалу, әдістемелік және оқу әдебиеттерімен қамтамасыздандырылу).

Турарбекова Даяна, ШҚО, Катон Қарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылының жаратылыстану бағытындағы лицейдің 10-сынып оқушысы.

IQanat бағдарламасы туралы 9-сыныпта, Шығыс Қазақстан облысының облыстық координаторы Анар Алпысбайқызынан алғаш естіген болатынмын. Ол кісі осы олимпиада жөнінде және де бұл олимпиадаға қатысу арқылы Қазақстанның немесе шет елдегі үздік жоғарғы оқу орындарына тегін түсу жайлы мүмкіндіктердің барын айтқан. Бұл бағдарлама ауылдағы дарынды балаларға көмек көрсетіп, үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Осылай, өзімнің бағымды және білімімді сынай отырып, олимпиадаға қатысуды ұйғардым. Мен ағылшын тілі пәнінен қатыстым. Олимпиаданың өзі 4 кезеңнен тұрды. Әр кезеңнің өзінің қиыншылықтары болды. Бірақ оған қарамастан, мен алдыма мақсат қойып, бұл жобаның жеңімпазы болуым керек деп өзіме талап қойдым. Осылай, өзімнің мақсатыма қол жеткізіп, жеңімпаз атандым.

Қазіргі таңда, ауылды жерлерде талантты оқушылар өте көп. Сол себепті, өзімнің мүмкіндігімді жоғалтып алмас үшін, 1-кезеңге дайындығымды бастадым. Көбінесе, мен үйде өз бетіммен дайындалған болатынмын. Әртүрлі тесттер шешіп, жаттығулар жасап, өз білмеген жерлерімді толықтырдым. Әсіресе, осындай кезде маған ғаламтордағы көптеген қосымша мәліметтер көмектесті. Олимпиада әр тоқсан сайын болғандықтан, біз әрқашан олимпиадаға қызу дайындықта болдық. Осылай 4 кезеңнің қалай өтіп кеткенін білмей қалдым. IQanat олимпиадасында жоғарғы ұпайларды жинаған оқушылар, Назарбаев атындағы Университетте өткен республикалық олимпиадаға қатысқан болатын. Сол шешуші кезеңде, мен жүлделі орынға ие болып, шет елдегі үздік жоғарғы оқу орынында тегін оқу грантының иегері атандым.

IQanat бағдарламасына қатысқалы бері, менің өмірімде әртүрлі қызықты оқиғалар болды. Мен басқа аудандардан келген оқушылармен достасып, өзіме көптеген достар таптым. Олармен әр өткізген уақытым қызықты болды. Әсіресе, елордада өткізген бес күнім әртүрлі эмоцияларға толы болды. Олар менің ең бір ыстық естеліктеріме айналды. Оған қоса, күзде және көктемде IQanat пен EduCon компаниясы бірігіп, оқу-жаттығу лагерін ұйымдастырған болатын. Сонда болған сабақтар мен тренингтерден өзіме көптеген мәліметтер алып, білмеген сұрақтарға жауап іздеп, түрлі болған қызықты оқиғаларға куә болдым.

Әрине, жеңімпаз атану кейбір қиыншылықтарды туғызды. Себебі, жобаға 200-дей талантты оқушылар қатысты. Олардың барлығы білімқұмар балалар еді. Олардың ішінен суырылып шығу, үлкен еңбекті талап етті. Сол кездегі сезімдерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олимпиада өткенше көп қобалжулар болды. Әртүрлі эмоцияларды басымнан өткіздім. Әрине қорқыныш та, қуанышта болды. Бірақ, жеңімпаз атанғанымда қуанышым қойныма сыймады.

Бұл бағдарлама менің өмірімде көптеген жаңа есіктерді ашты. Маған берген мүмкіндіктер, менің жарқын болашағыма жасаған қадамдар деп білемін. Ең бірінші, ол – ең үздік жоғарғы оқу орындарында тегін білім алу. Қазіргі таңда, білім беру біздің еліміздің дамуындағы аса маңызды факторлар болып табылады. Білімді жастар – ел болашағы. Сол себепті, бұл мүмкіндік – біздің өміріміздегі ең маңыздысы деп ойлаймын. Осы мақсатымызға жету үшін IQanat бағдарламасы бізге үлкен көмек көрсетіп жатыр. Ең біріншіден, бізді ҰБТ-ға дайындап, арнайы оқу-жаттығу жиындарында еліміздің үздік ұстаздарын шақыртып, олардан білім алдық. Екіншіден, жеңімпаздарды халықаралық IELTS емтиханына да жаттықтырып, білім нәрімен сусындатып жатыр. Қазір болашаққа нық сеніммен қарап, алдыма одан да биік белестерді бағындыруды мақсат еттім. Осы үшін де IQanat бағдарламасына, оның ұйымдастырушыларына да айтар алғысым шексіз!