ҰБТдан басқа жол бар ма?!

Жанды мың түрлі сезімге бөлейтін ҰБТ жақындап қалды. Қазіргі барлық 11-сынып оқушыларының басты мақсаты, бір жағынан уайымы, тіпті депрессиясы десек те артық болмас. Жүрегің дүрсілдеп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, одан қалса отбасың, туысқандарыңның “дұрыстап дайындал! Оқы! Ұйықтама!” т.б қысымға толы әсері, “Қажет балды жинай алмасам ше? Ата-анамды ұятқа қалдырсам ше? Оқуға түспей қалсам ше?” деген сияқты үлкен қобалжу тағы бар.

Егер Сен осындай күй кешіп жүрсең, осы пост Саған арналады. Бәріміз өмірде сәтті адам болып, тұлға болып қалыптасуға ұмтыламыз. Осы жолда ЖОО-да оқу, сауатты болу өте маңызды. Ал, ЖОО-да оқудың мақсаты белгілі бір мамандық бойынша білім алу және сол мамандықпен жұмыс жасау, тәжірибе жинау және сол мамандықтың хас маманы, эксперті болып жетістікке жету, тұлға болып қалыптасу екенімен келісесің ғой? Бірақ өкінішке орай біз тек ЖОО-на түсіп, қалаған мамандық иесі болудың екі-ақ жолын көреміз: ҰБТ арқылы грант ұтып алу және ата-анаңның (мекеменің) қаражатына ақылы оқу. Ақылы оқуға бәріміздің шамамыз келмейді, сондықтан грантта оқудың жалғыз жолы – ҰБТ болып қана көрінеді. Біздің миымызға “ҰБТ – жалғыз мүмкіндік. Бұдан басқа жол жоқ!” деп қатып қалған қағида орнығып та алған болар?!

Сені қуантайын ба?

ҰБТ-дан басқа ЖОО-да оқудың мың қырық жолы бар. Ендеше мен Сенің санаңды кеңейтейін, ал кеттік:

  1. Ректорлық грант. Сен бұл туралы естідің бе? Бұл дегеніміз ЖОО-да сен тегін оқисың, бірақ стипендия алмайсың. Бұл грантты ЖОО-ның өзі бөледі және оны оқуға түсуге конкурс кезінде беруі мүмкін немесе университеттің өзінде арнайы олимпиадалар ұйымдастырып, жеңімпаздарға береді. Егер сен қандай мамандық таңдайтыныңды, қай ЖОО-да оқығың келетінін нақты білсең, сол ЖОО-ның сайтына кіріп, әлеуметтік желілеріне тіркеліп, бақылап отырсаң және қабылдау комиссиясына хабарласып білсең болады.
  2. Шетелдік ЖОО-ғы грант. Онда оқу үшін тіпті біздің ҰБТ нәтижесі қажет емес, сол ЖОО-ның арнайы тестілеуін тапсырасың, содан өтіп, конкурста грант ұтып алу мүмкіндігің бар. Ол үшін таңдаған мамандығыңды оқытатын шетелдік ЖОО сайтын қарап, хабарласып барлық ақпаратты біліп, дайындалып, уақытында тапсырасың.
  3. Ірі компаниялардан грант. Шетелдегі және еліміздегі ірі халықаралық, отандық компаниялар да болашақ талантты да потенциалды мамандарды іздеу мақсатында арнайы конкурс, жобалар байқауын ұйымдастырады. Сол конкурстан ұтқан оқушыға шетелдік, отандық ең мықты деген ЖОО-на грант беріледі, тіпті одан кейін жұмыс орыныңыз да дайын. Ол үшін сен болашақта жұмыс жасағың келетін мамандық бойынша және жұмыс орның бойынша ірі компаниялардың сайттарын оқып, бақылап және олардың кадр бөліміне хабарласып білсең болады.
  4. Өз оқуымды өзім төлеймін. Егер сенің отбасыңның ақылы оқыту мүмкіндігі болмаса немесе сен ата-анаңа ауыртпашылық салғың келмей, жауапкершілікті өз мойныңа алғың келсе, оқуды қаржыландыратын арнайы мемлекеттік бағдарламалар, банктер, компаниялардан қайтарымды негізде оқуға қаражат алуыңа болады. Ол қаражатты өзің оқумен паралельді жұмыс жасап жүріп төлесең болады немесе оқуды аяқтап, жұмысқа орналасып төлесең болады. Ол үшін оқуды қаржыландыратын мүмкіндіктері іздеп, тауып, шарттарымен танысып, шешім қабылдауыңа болады.
  5. Бір жылдан кейін КТА тапсырып грант ұту. Оны енді көпшілігіміз білеміз, ашып айтудың қажет жоқ деп ойлаймын. Ал, бір жыл бойы жұмы жасап, тіл үйреніп, КТА-ға дайындалсаңыз болады.
  6. Эксперттен білім алу. Сен таңдаған мамандықтың хас шебері болған, толық меңгерген, жетістікке жеткен, мүмкін сенің кумиріңе айналған эксперт маманды тауып, оған хабарласып, кездесіп, оның шәкірті болуға сұранып, одан қандай кітап оқып, қандай білім алып, қандай дағдыларды, қабілеттерді қалыптастыру керектігін біліп, эксперттен білім алсаңыз болады. Эксперттен білім алуың ақылы бола ма, тегін бола ма, бартер бола ма, ол енді келісуіңе байланысты. Мысалы, сен ол эксперттің көмекшісі болып екі жыл тегін жұмыс жасайсың, ал сені сол екі жыл тегін оқытады, мамандықты меңгеруге үйретеді.
  7. Жеке кәсіппен айналысу. “Оқушы кәсіппен айналыса ма?!” деп шошуың мүмкін, әрине. Бірақ бұл рас. Егер сен бір істі өте жақсы меңгерген болсаң және кәсіпкер болуды армандасаң, мысалы нан, торт пісіру, тігу, т.б. соны кәсіп етіп, әлеуметтік желіде парақша ашып, сен тұратын жерде ақпарат таратып, соны кәсіп етсең болады. Алдағы 3 жылдай сол кәсіппен айналысып, хас маманы болып алсаң, сенің жолдастарың оқу бітіріп, жұмыс іздеп жүргенде, сенде жұмыс та бар, тіпті сен өзің оларға жұмыс ұсына аласың.

Міне, достар! Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әр ұсынылған “ҰБТ-дан басқа жол” көп оқушылардың өмірінде шынымен орын алған, тіпті олардың кейбірі шынымен осы жолдар арқылы жетістікке жеткен.

 Aл, сен ҰБТ-дан басқа тағы қандай жолды білесің? Бөлісе отыр, бір бірімізге пайдалы болайық.

Бұл ақпаратты пайдалы болды деп білсең, пікір қалдыр, өз ойыңмен бөліс, өзгелермен бөліс!

Құрметпен, Ақтоты.